
Күрес түрлерінен Алматыда өткен PWL-8 турнирінде Жамила Бақбергенова қырғызстандық Айпері Медетқызынан жеңіліп қалды. Кездесуден соң сұхбат берген спортшының жеке бапкері Нұрсұлтан Иманқұлов жекпе-жекке қатысты ойын айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«PWL ұсынған келісімшарт бойынша Жамила 78 келіден жоғары салмақта күресуі керек. Ал біздің балуанның салмағы жетпейді. Қырғыз қызының салмағы 78 келіден де асып кетеді.
Біз Албанияда өтетін рейтингілік турнирге 72 келіде қатысуды жоспарлағандықтан, бір кездесуге бола салмақ өсіруден бас тарттық. Оның үстіне, қарсыласы да оңай емес. Әлем чемпионатының финалисті, Азия ойындарының чемпионы.
Ханчжоуда Жамила 76 келіде күресіп, тап осы Айперіден жеңілген болатын. Сондықтан, бұл белдесу жаңа маусым алдында жақсы дайындық болды», — дейді Иманқұлов.
Айта кетелік, Жамила Бақбергенова бұл күндері Албанияның Тирана қаласында өтетін рейтингілік турнирге аттанды.