
Таеквондодан Қазақстан ұлттық құрама командасы Bulgaria Open турнирінде бақ сынайды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
1-3 наурыз күндері Болгария астанасы София қаласында таеквондодан Bulgaria Open әлемдік жарысы өтеді. Аталған бәсеке бас бапкер Есбол Сұлтанов шәкірттерінің биылғы маусымдағы алғашқы әлемдік додасы болмақ.
«Bulgaria Open біз үшін жаңа маусымдағы алғашқы ресми жарыс. Жарыс алдындағы соңғы дайындықты Алматы облысында пысықтап жатырмыз. Спортшылардың аяқ алысы жаман емес, жарысқа тыңғылықты дайын деуге де болады.
Bulgaria Open биылғы әлем чемпионатына дайындық кезеңнің алғашқы жарысы болып саналады. Сондықтан негізгі және қосалқы құрам спортшылары жарысқа бірдей қатысуға мүмкіндік алды. Дәл осы жарыста жыл соңында жасақталған ұлттық құрама өкілдерінің әлемдік жарыстағы бабын байқайтын боламыз.
Бұған дейін Батыс Қытай командасымен бірлескен жаттығу жиынын өткіздік. Бұл биылдыққа өткізілген екінші жаттығу жиыны. Команда енді жасақталды, халықаралық деңгейде жақсы нәтижеге жету үшін әлі уақыт керек.
Десе де, біз тайсалмаймыз. Кейбір спортшыларды жекелеген жоспар бойынша дайындадық. Бастысы — ұлттық құрам толық жасақталып, федерация тарапынан үлкен қолдау көрсетіліп жатыр», — дейді бас бапкер Есбол Сұлтанов.
Ұлттық құрама өкілдері Алматыдан Софияға 27 ақпан күні аттанады.
Фото: Sportbugin.kz