
Дамир Бекбосынов United World Wrestling ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесінің мүшесі атанды, деп жазады Sportbugin.kz.
Үндістанның Дели қаласында өткен Әлем чемпионатында Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновтың беделді халықаралық спорт ұйымы болып табылатын Біріккен күрес әлемі (United World Wrestling – UWW) ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесінің мүшелігіне қабылданғаны белгілі болды.
Спорттық шара барысында қазақ күресін халықаралық аренада насихаттайтын бұл чемпионаттың маңыздылығын тілге тиек еткен UWW техникалық делегаты Онур Шимшек Qazaq Kuresi Ассоциациясының бас директоры Дамир Бекбосыновқа UWW ұлттық күрес түрлері комитетінің атқарушы кеңесі мүшесінің төсбелгісін табыстады.
Айта кетсек, Qazaq Kuresi Ассоциациясы 2022 жылы UWW ұйымының мүшелігіне қабылданған болатын. Содан бері Ассоциация халықаралық жарыстарын аталмыш ұйымның аясында өткізуде.
Қорыта айтқанда, Дамир Әсенғазыұлының тарихы 1905 жылдан бастау алатын беделді спорт ұйымы – UWW ұлттық күрес түрлері комитеті атқарушы кеңесінің мүшелігіне қабылдануы қазақ күресінің ықпалын арттыруға және халықаралық аренада жаңа мүмкіндіктерге жол ашуға бағытталған маңызды қадам.
Алдағы уақытта бұл әріптестік халықаралық аренада төл күресіміздің әлеуетін нығайтуға, халықаралық жарыстарды өткізуді жалғастыруға және спортшыларымыздың шеберлігін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
United World Wrestling мақсаты – күрес түрлерінің дамуын ынталандыру және бұл спорт түрлерін бүкіл әлем елдерінде дамыту, ұлттық федерациялар арасындағы достық қатынастарды дамытуға жәрдемдесу, күресті Олимпиада ойындарында, Әлем чемпионаттары мен кубоктарында, континенттік жарыстарда және федерациялардың бақылауында өтетін барлық халықаралық іс-шараларда спорт түрі ретінде ұсыну және Олимпиадалық қозғалыс аясында оның мүдделерін қорғау.
Әлем чемпионатының демеушілері – «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы және Sport Qory cпортты қолдау қоры.