
18 жастағы қазақ боксшысы Төрехан Сабырхан Болгариядағы «Странджа» турнирінде жеңіске жетіп, жарыстың үздік спортшысы атанды. Қазақстан бокс федерациясының бас хатшысы Мерей Ақшалов Төреханға әлі де еңбектену керектігін айтады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Төрехан ересектер арасындағы алғашқы халықаралық турниріне қатысып, жеңіске жетіп отыр. Бұл бізді қуантады, әрине. Алайда, Төреханға шаршы алаңда өзін дұрыс ұстауды, салмақтырақ болуды үйрену керек. Көбіне жанкүйер көңілін көтеру үшін шоу көрсетіп кетеді. Жанкүйерлер тілімен айтсақ, «публикаға» көп ойнайды. Шоу көрсеткен де жақсы-ау, бірақ ересектер қатарына енді өткен кезде өте бай болған жөн.
Ересектер арасындағы бокс көп қателікті кешірмейді. Жастарға қарағанда, ересек боксшылардың соққысы ауыр. Қатты ұрады бәрі. Жастар командасында өз қатарластарыңды талантыңмен де жеңіп алуға болады. Бірақ ересектер арасында еңбектену керек. Талмай еңбектену керек!
Төреханның жартылай финалдағы және ақтық сындағы қарсыластары мықты болды. Енді бұл салмақтағы әлем мықтыларына қарсы шығу үшін оған ересектер боксына бейімделіп, еңбектене беру қажет», — дейді Ақшалов.
Төрехан Сабырхан 67 келі салмақта жұдырықтасады.