
25-30 наурыз күндері Иордания астанасы Амманда күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтеді. Аталған сынға қатысатын балуандар арасында әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан да бар, деп жазады Sportbugin.kz.
Бұған дейін UWW ресми сайтында Азия чемпионатына қатысатын Қазақстан құрамы жарияланған болатын. Аталған тізімде Ризабек Айтмұханның орнына Бекзат Үркімбай көрсетілген.
Бас бапкер Мадияр Құрамысов Sportbugin.kz тілшісіне берген сұхбатында құрлықтық жарысқа Ризабек қатысатынын растады.
«Нақты тізімді жақын күндері жариялаймыз. Ал Ризабек Айтмұханның Азия чемпионатына қатысатыны рас. Күреседі», — деді бас бапкер.
Еске салайық, Ризабек Айтмұхан PWL турнирі аясында Кайл Снайдермен белдесіп, жеңіліс тапқан болатын.