
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов наурызда өтетін Азия чемпионаты қарсаңында бірнеше балуанның қосымша белдесуге қатысатынын айтты, деп жазады Sportbugin.kz тілшісі.
Күрестен Азия біріншілігіне қатысатын құрам жақын арада ресми түрде жарияланады. Ал әзірге екі салмақта қосымша белдесулер өтеді. Сол белдесуде жеңіске жеткен спортшылар құрлық додасына аттанады.
«74 келіде Нұрқожа Қайпанов пен Әлібек Әбдіқасымов өзара белдеседі. 61 келіде Мейрамбек Қартбай мен Мұхаммед Балғабай сынға түседі. Жеңген жігіттер ұлттық құрама сапында Азия чемпионатына жолдама алады», — деді бас бапкер.
Айта кетелік, күрес түрлерінен Азия чемпионаты 25-30 наурыз аралығында Иорданияның Амман қаласында өтеді.