
Отандық спорт журналистикасының үздігі, спорт сарапшысы, комментатор Есей Жеңісұлы жақында өткен бокстан әйелдер арасындағы әлем чемпионаты жайында пікір білдірді. Бұл туралы ол Aqyrys Seitqazy YouTube арнасында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
Спорт сарапшысының пікірінше, әлем чемпионатында қыздарымыздың 3 алтын, 2 күміс, 1 қола иеленуі — үлкен жетістік.
«Әлем чемпионаты деген мәртебесі болған соң, оны ешқашан олқысынуға болмайды. 2016 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында 4 алтын алған едік. Міне, содан кейінгі үлкен көрсеткішке қол жеткіздік. Осы көрсеткіштің Олимпиададан кейінгі жылдары болғанына қуаныштымын.
Өйткені, Олимпиада қарсаңында болса, біз эйфорияға түсіп, өз-өзімізді ұмытып қалатын едік. Сондықтан да, бұл сайыс – ардагерлердің есеп беруі және болашағы зор жас спортшылардың мүмкіндігін танытуы. Көнекөз жанкүйер ретінде айтарым, бұны мен қанағаттанған сезіммен қарсы алып отырмын», – дейді ол.
Айта кетелік, Сербияда өткен әйелдер боксынан әлем чемпионатында Назым Қызайбай, Алуа Балқыбекова мен Аида Әбікеева чемпион атанды.
Виктория Графеева және Елдана Тәліпованың еншісінде күміс бар. Ал Наталья Богданова біріншіліктің қола жүлдегері.