
82kg GR - Omar Satayev (KAZ) df. Taizo Yoshida (JPN)
Иордания астанасы Амманда өтіп жатқан Азия чемпионатында қазақстандық грек-рим күресі шеберлері жарысты түгел аяқтады. Өкінішке қарай, «классиктердің» қоржынында алтын медаль жоқ, деп жазады Sportbugin.kz.
Бүгін алтын жүлдеге таласқан Омар Сатаев (82 келі) ирандық қарсыласынан айла асыра алған жоқ. Мұхаммад Азиз Нагузимен өткен финалдық белдесуде Сатаев 1:3 есебімен қарсыласқа жол берді.
Бүгінгі жарыс күнінде басқа балуандарымыз жүлде ауылынан алыс қалды.
Осылайша, грек-рим күресінен Қазақстан командасы Азия чемпионатынан алтынсыз қалып отыр. Бас бапкері жоқ, Нұрым Дүйсеновтің жетекшілігімен жүрген құрама 2 күміс, 2 қола медаль иеленді.
Күмісті Әлімхан Сыздықов (130 келі) пен Омар Сатаев (82 келі), қоланы Ибрагим Магомадов (77 келі) пен Шамиль Ожаев (87 келі) еншілеп отыр.
Грек-рим күресінен Азия чемпионатында 151 ұпай жинаған Иран командасы көш бастады.
Ал 3 алтын жеңіп алған Өзбекстан құрамасы 150 ұпаймен екінші орын алса, үздік үштікті 101 ұпайы бар Жапония иеленді.
Қазақстан құрамасы 76 ұпаймен төртінші орында.