
Еркін күрестен 20 және 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы ел біріншілігі алматылық балуандардың үстемдігімен аяқталды. Еркебұлан Кешубаев жаттықтыратын жас спортшылар командалық есепте бірінші орын иеленді. Тәжірибелі бапкер шәкірттері ұлттық чемпионатта көшбастап келеді. Бұл бәсекенің ұлттық құрама үшін де маңызы зор. Себебі, тап осы жастар арасында іріктелген үздіктер кейін еліміздің бас құрамасында сынға түсуі мүмкін. Осы орайда, Sportbugin.kz тілшісі еркін күрестен Алматы командасының аға жаттықтырушысы Еркебұлан Кешубаевпен тілдескен болатын.
— Еркебұлан мырза, сізді көпшілік Алматы командасынан бөлек, әлем чемпионы Ризабек Айтмұханның бапкері ретінде таниды. Бүгінде шәкіртіңіз басқа мамандармен жаттығып жатыр. Әлемге танылған шәкіртіңіздің басқа қалаға, басқа бапкерге кеткені ауыр соқпады ма?
— Әрине, оңай емес. Қанша дегенмен, көңілің түседі. Ризабектің ауысқаны да сол уақытта қиындау тиді. Дегенмен, бұл — өмір, бұл – спорт. Екеуі де алға баса береді. Ризабек өте талантты балуан болған соң, оның болашағына тек сеніммен қараймын. Қайда, кіммен жаттықса да, қазақ елінің намысын абыроймен қорғаса, содан артық бақыт жоқ.
— Жақында Алматыда өткен PWL кешіне жанкүйерлер Айтмұхан мен Снайдер кездесуін көруге жиналды. Өкінішке қарай, Ризабек Кайл сияқты адуынды қарсыласқа әлі дайын емес сияқты…
— Ризабек жай, қатардағы балуан емес. Ол ересектер, жастар мен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы. 97 келі салмаққа да бейімделіп, осындағы мықты балуандар арасында сына қағып жатыр. Қазір Ризабекті әкесі Қанат пен Дархан Бейсенов атты жаттықтырушы қоластына алды. Бір қызығы, Дархан да менің қанатымның астынан шыққан. Ең алғашқы шәкіртім болатын. Бүгінде Ризабекті дайындап жүр. Меніңше, Дарханның бапкерлік қызметтегі тәжірибесі аздау. Соның салдарынан жеңілген сияқты. Әйтпесе, кешегі Кайлмен өткен кездесу басқаша өрбитін еді. Тым құрығанда тең нәтиже тіркеуге болатын еді. Дархан — жақсы бапкер. Бірақ дәл осы жекпе-жекте тәжірибе үлкен рөл ойнады деп ойлаймын. Снайдер бұрынғыдай бет қаратпай тұрған жоқ. Ризабектің оны ұтуға әлеуеті жетеді. Ол әлі өзін көрсетеді. Сенімім мол.
— Айтпақшы, Ризабектің әкесі жеке жаттықтырушысы ретінде қасында жүр. Жалпы, үлкен спортта әкесінің баласына бапкер болуын қалай қабылдайсыз?
— Негізі, басқалар тіл табысып, ортақ мүдде жолында жұмыс істеп жатырса, қарсы емеспін. Ризабек пен әкесінің арасындағы тандем — бұған тамаша дәлел. Бірақ өзім ұлыма бапкер бола алмайды екенмін. Мен үшін бұл ауыр жұмыс. Салмақ қуатын, қинайтын кездер болады балуанды. Мұндайға мен шыдамайтын шығармын. Жұмсақтық танытып қоямын. Ал спортта тәртіп пен еңбек болмаса, нәтиже шығару қиын. Сол себепті, ұлымды қазір Эдуард Базров атты жақсы маманға тапсырдым. Олардың жаттығуына араласпаймын. Балама қиын тапсырмалар берсе, ара түспеймін. Өзім баптай алмаймын, сондықтан, басқаға тапсырдым.
— Бапкер демекші, қазір Алматы қаласының командасына әзербайжандық Абиль Ибрагимов қосылыпты. Шетелдік маманмен бірлесіп жұмыс істеуге қалай қарайсыз?
— Иә, Абилді бұрыннан танимын. Еркін күрестегі білікті мамандардың бірі. Әлем чемпионатына мен Олимпиада ойындарына балуан дайындаған бапкер. Қазір Алматы командасының нәтижесін көтеру үшін бірлескен жұмысты бастап кеттік. Оның көмегі бар бізге, мойындау керек. Одан үйренеріміз де жоқ емес. Қазір біз күш біріктіріп, жетістіктерді арттыруға ден қойдық.
Одан бөлек, бізбен бірнеше жыл бойы қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқан Эдуард Базров атты мықты маман бар. Оның еңбегін жоққа шығаруға болмайды мүлде. Себебі, Ризабектің техникалық әлеуетін арттыруға көмектескен еді. 2023 жылғы тарихи жеңіске Эдуардтың қосқан үлесі орасан зор. Оның еңбегі мен біліктілігіне бас иемін. Алматы командасынан шыққан түрлі жас деңгейіндегі балуандардың әлемдік, құрлықтық жарыстардағы жоғары нәтижесіне Базровтың еңбегі сіңгенін ұмытпау керек. Оның еркін күрес әлеміндегі өте мықты бапкерлердің бірі санаймын. Қазіргі таңда UFC-де өнер көрсететін Шавкат Рахмонов пен Асу Алмабаев та Эдуардтың жетекшілігімен жаттығып жүр.
— Сіздерге федерация тарапынан қандай көмек бар?
— Дәулет Тұрлыханов ағамыз басқаратын республикалық күрес түрлері федерациясы жаңа бағытта дамып жатыр. Қазір елішілік жарыстар жоғары деңгейде өтеді. Соңғы жылдары елімізде күрестен Азия чемпионаты, Олимпиадаға іріктеу турнирлері тұрақты түрде ұйымдастырылды. Мұның бәрі де Дәулет Болатұлының Біріккен күрес әлеміндегі (UWW) беделінің арқасында екені анық. Бізге сыйақылар берілуде, жыл сайын үздік шыққан бапкерлер мен балуандарды құрметтеп, үздіктерді анықтап жатыр. Мұның бәрі де федерация жұмысында үлкен өзгерістер барын көрсетеді. Басшылыққа, оның ішінде Дәулет Болатұлына алғысымыз шексіз.
Қалалық федерация да жақсы жұмыс істеуде. Бұған еш күмән жоқ. Омар Әлиев мырза келгелі балуандардың да, бапкерлердің де жағдайы жақсарып қалды. Біздің алаңсыз дайындалуымызға бар жағдай жасауда. Сыйақы беріп те қуантып жатыр. Кешегі жастар мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігін қандай деңгейде өткізгенін барлық жанкүйер көрді. Сондықтан, федерацияға еш шағымым жоқ. Ұйым басшысы Омар Әлиев мырзаға алғысым шексіз. Күреске жанашыр жан екені көрініп тұр.
— Ризабектен кейін қандай талантты балуандарды жаттықтырып жүрсіз?
— Жақсы балуандар бар. Ешбір шәкіртімді бөліп-жарғым келмейді. 57 келідегі Мерей Базарбаев деген спортышымыз ұлттық құрама сапында күресіп жүр. 61 келідегі Асыл Айтақын Азия чемпионатының финалында белдесті. Нұрдәулет Сейілбеков, Самир Тұрсынов, Сұңқар Сейдахмет, Жанғожа Әбілтаев, Диас Қажыкен, Райым Мәулетов, Асылжан Есенгелді, Дәулет Әбдіманап, Егор Анчугин, Родион Анчугин сынды жас спортшылар өсіп келеді. Осы балуандардың кеңінен көсілуіне, әлемдік аренада шыңдалуына үлесімді қоссам деймін.
— Асыл Айтақынның болашағына үмітпен қарайтындар көп. Оны олимпиадалық салмақтан көре аламыз ба?
— Асыл әлемдік деңгейде күресетін бала. Алматы облысының тумасы. Қазір бізде жаттығады. Болашақта 65 келіге ауысатын ойы бар. Мүмкін, осы олимпиадалық циклде де ауысып қалар. Әзірге, 61 келі салмақта әлемдік деңгейде танылғысы келеді. Негізі, бұл салмақта жылына бір-екі рет күреседі. Көп жағдайда 65 келідегі балуандармен белдесіп жүр.
— Еркін күрестен ұлттық құрамамен байланыс бар ма? Команданың соңғы нәтижелерін қалай бағалайсыз?
— Бас команданы Мадияр Құрамысов жаттықтырады. Олардың жұмысына араласпаймын. Ұлттық құрамадағы жеке шәкірттеріме ғана жауап беремін. Ал команданың нәтижесіне келер болсақ, Париж Олимпиадасын көрдіңіздер. Медаль жоқ. Сондықтан, нәтиже жақсы дей алмаймын.
Еркін күрестен U20 Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеткен Алматы командасы:
Сұңқар Сейдахмет (70 келі) — алтын
Досжан Қоғаев (74 келі) — алтын
Самир Тұрсынов (92 келі) — алтын
Айтжан Серікбаев (52 келі) -күміс
Әбіл Ерхан (79 келі) — күміс
Нұргелді Тұрсынхан (52 келі) — қола
Ерсұлтан Баратбек (97 келі) — қола
Еркін күрестен U23 Қазақстан біріншілігінде жеңіске жеткен Алматы командасы:
Мерей Базарбаев (61 келі) – алтын
Шерхан Әбіл (65 келі) — күміс
Ерхан Әбіл (79 келі) – күміс
Егор Анчугин (74 келі) — қола
Сұхбаттасқан: Ақырыс Сейтқазы