
Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мадияр Құрамысов Азия чемпионатын қорытындылап, әлем чемпионы Нұрқожа Қайпановқа қатысты ойын айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«74 келі Қайпановтың үйреншікті салмағы. Бұрын да күресті. Кешегі Азия біріншілігінде жақсы өнер көрсетті. Финалдағы қарсыласы да жақсы балуан. Тұрақты күресіп жүрген қырғыз спортшысы.
Биылғы әлем біріншілігіне Нұрқожа қайтадан 70 келіде күреседі. Осы чемпионаттан соң түбегейлі 74-ке кететін шығар. Себебі, келесі жылға Азия ойындарында осы салмақта күреседі. Өздеріңіз білесіздер, 1994 жылғы Мәулен Мамыровтың алтынын соң жазғы Азиадада еркін күрес шеберлері жүлде алмады. Отыз жылдан асты, міне…
74 келі еркін күрестегі ең беделді салмақ саналады ғой. Былтырғы чемпионаттан соң Қайпанов үлкен сенімділік алды. Сондықтан, 74 келіде де әлемнің үздік үштігіне енетін әлеуеті бар», — деді Құрамысов.
Айта кетелік, Нұрқожа Қайпанов әлем чемпионы, әлем чемпионатының күміс жүлдегері және үш дүркін Азия чемпионы.