
74kg FS - Nurkozha Kaipanov (KAZ)
Еркін күрестен әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы Нұрқожа Қайпанов Алматы қаласына не үшін ауысып кеткенін түсіндірді. Бұл туралы ол журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына берген сұхбатында айтты, деп жазады Sportbugin.kz.
«Қазір көп адамдар «лақтырып кетті» деп айтуға шебер ғой. Бірақ мен отбасыммен ақылдасып, алғашқы бапкерім Аян ағаймен кеңесіп, осындай шешім қабылдадым.
Алматыға ауысуымның басты себебі — отбасым осында тұрады. Петропавлда бапкерім Аян ағайдан басқа ешкімім жоқ. Жаттығуым да Алматыда өтеді, әрі-бері жүру, ұшып барып-келуге де Алматы ыңғайлы.
Оның үстіне, болашақта пәтер берілсе де, Алматыдан берілсе екен деймін. Себебі, мен үйдің үлкенімін. Артымнан бауырларым еріп келе жатыр. Солардың аяққа тұрып кетуіне де жауаптымын.
Ешкім мені мәжбүрлеп, Алматыға алып келген жоқ. Тіпті, Алматыға ауысу туралы ұсыныс айтқан өзім. Сол кезде федерация басшысы Омар Әлиевтің өзі: «Нұрқожа, мен саған Петропавлдағы сияқты 2-3 млн теңге жалақы бере алмаймын. Мұнда балуан көп, жылы орныңды суытпа», — деді. Алматыға ауысу үшін ешкім ақша беріп, алдап әкелген жоқ.
Алайда, бұл менің өз шешімім. Мені ешкім мәжбүрлеген жоқ», деді Қайпанов.
Айта кетелік, Нұрқожа Қайпанов 74 келі салмақта Азия чемпионы атанып, құрлық біріншілігіндегі алтындар санын үшке жеткізді.