
Бұл күндері Шри-Ланканың Коломбо қаласында бокстан IBA ұйымдастыруымен жастар мен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионаты өтіп жатыр. Бұл турнирді бір-бірімен жарыса жарыс өткізіп келе жатқан IBA мен World Boxing-тің кезекті бәсекесі деп, бағамдауға болар еді. Алайда, бұл сынға көптен бері тасада жүріп, енді U22 тізгінін қолға алған Бақыт Сәрсекбавтың командасы аттанды. Иә, қазақ боксында енді екі команда бар. Бірі – федерация бақылауындағы ұлттық құрама, екіншісі – министрліктің пәрменімен құрылған Бақыт Сәрсекбаевтың жастар құрамасы, деп жазады Sportbugin.kz.
Мұндай экспериментті Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қолға алды. Басты мақсат – еліміздегі Олимпиада чемпиондарын жұмыссыз қалдырмай, олардың тәжірибесін оңынан пайдалану екені анық. Осы тұрғыдан қарасақ, жақсы бастама. Ал команданы бөліп жаттықтырудың нәтижесі қандай боларына уақыт төреші.
Шри-Ланкадағы турнир басталысымен, Сәрсекбаев бастаған қазақ жігіттері қарсыластарын жайпап жеңуде. Бір боксшымыз ғана жеңіліп, бүгін күндізгі сессияда шыққан төрт спортшымыз да келесі кезеңге өтті.
Бірақ мені қатысушылар құрамының аздығы әрі бокстағы нәтижесі айтарлықтай мықты емес елдермен жұдырықтасып жатқанымыз қынжылтады. Иә, атын естісек, елең ете қалатын Өзбекстан құрамасы бар. Алайда, олар бұл біріншілікке U22 санатында үш спортшысын ғана әкелген. U21 додасында қатысып жатқан бірде бір боксшысы жоқ. Үндістан да жастар мен жасөспірімдер додасына алты-алты боксшыдан ғана қосыпты. Азияның алыптары саналатын Қытай, Жапония, Тайпей, Филиппин мен Оңтүстік Корея өкілдері мүлде жоқ.
Қатысушылар тізімін қараңыз да, бұл чемпионаттың деңгейін бағамдай беріңіз: Ауғанстан, Австралия, Бангладеш, Камбоджа, Үндістан, Қазақстан, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Малайзия, Моңғолия, Непал, Пәкістан, Шри-Ланка, Таиланд, Тәжікстан, БАӘ, Өзбекстан, Вьетнам, Индонезия, Жаңа Зеландия, Француз Полинезиясы.
Бұлардың ішінде, Өзбекстанның үш, Үндістанның алты, Қырғызстан мен Моңғолияның бірді-екілі спортшысы ғана бізге қарсылас болар деп ойлаймын.
Ал осы жарыста толық құраммен сынға түсіп жатқан жалғыз команда – Қазақстан ғана.
Қатысушылар санының сиреп, сапасының азайып жатқанына себеп жоқ емес. Бүгінде бар әлем Олимпиадаға жол ашатын World Boxing ұйымының тілін табуға тырысады. Келесі ойынға жолдама беретін ресми жарыстарды да осы ұйым өткізеді. Ал IBA қанша тырысса да, бұрынғы абырой мен даңқ қайта келмейтіндей… Бұған осы Азия чемпионатына жетекші елдердің келмеуі мен қатысушылар санының азайып, командалардың ала-құла болып қатысуы дәлел.
Көп ұзамай, World Boxing 22 жастағы спортшылар арасында құрлық додасын өткізеді. Аталған сынға қатысатын боксшыларды Қазақстан бокс федерациясы апарады және сол турнирдің қарқыны да басқаша болатын сияқты. Қанша дегенмен, әлем мықтылары осы ұйымға кірді.
Ендеше, екі түрлі ұйымның, екі түрлі құрамның нәтижесін таразылайтынымыз анық. Бірақ сапаға мән беруді ұмытпайық.
Фото: Спортты дамыту дирекциясы