
Еркін күрестен Азия ойындарының қола жүлдегері, Лондон Олимпиадасының қатысушысы Ермек Байдуашев ұлттық құрамада легионер спортшылар мен жергілікті балуандар арасында кикілжіңдер болып тұрғанын жасырмады. Бұл туралы журналист Ақырыс Сейтқазының YouTube арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Ұлттық құрамада жеке өзім ешкіммен қақтығысқаным жоқ. Өйткені, менің денем дәу, кішкентай кезімде көше көргенмін. Маған біреуі «сен» деген емес. Құрамаға қалай кірдім, барлығы да «Ереке» деп құрметтеп кетті. Бірақ бойы кішкентай, соншалықты танымал емес балуандарды менсінбеген кезде, намысың келеді. Бір рет сондай жағдай болды.
Регби ойнап жатқанбыз. Кіші салмақтағы жігіттердің бірі Марид Муталимовке сөйлеп қалды. Марид оны менсініп тұрған жоқ. Өзі ауыр салмақта, Олимпиада жүлдегері, Азия чемпионы. «Әрі ойнашы» дегендей күй танытып, оны жігіттердің бірі байқап қалады. Содан басталды. Бәрімізде де намыс бар, кешкісін Маридті шақырдым. Ол біздің дайын екенімізді көріп тұр.
Муталимов құмық болғанымен, қазаққа қатты жақын, қазақша таза сөйлейді ғой. «Кінәлімін. Ойын кезі. Эмоция тасып тұрды. Артық кетсем, ренжімеңдер», — деп бірден кешірім сұрады. Басын ашып алды. Былайша айтқанда, еркекше тірлік қой. Маридтің осы қасиетін сыйлаймын», — деді Байдуашев.
Айта кетелік, бұған дейін спортшы ұлттық құрамадағы Нұржан Қатаев пен Таймураз Тигиев арасындағы текетірес туралы айтқан болатын.