
Павлодарда футболдан жасөспірім қыздар арасында QJ лига турнирінің ресми түрде ашылу салтанаты өтті. Лиганың шымылдығын ашқан матчта «Ертіс» пен «Шахтер» (Қарағанды) клубтары кездесіп, алаң иелері ірі есеппен жеңіске жетті. Ал матчта дубль жасаған Аружан Оспанова жанкүйерлер көзайымына айналды, деп жазады Sportbugin.kz.
Аружан алғашында бимен айналысқан. Кейін футбол алаңында өзін сынап көріп, спорттың осы түрін қатты ұнатып қалады.
«Футбол менің өміріме айналып кетті десем, артық емес. Бұған дейін ел чемпионатына қатыстық. Енді қыздар арасындағы QJ лига басталды. Бұл біз үшін өте қуанышты жаңалық. Алғашында сенгеніміз жоқ. Ал турдың басты әрі тұсаукесер матчы біздің алаңда өтетінін естігенде, тіпті, қобалжып кеттік», — дейді Аружан.
Аружан Оспанова «Шахтер» қақпасына 2 гол соқты. Оның тура тоғыздыққа салған голын жанкүйерлер ерекше қошеметпен қабыл алды.
«Негізі, ойын басталғанда қатты қобалжыдық. Доп аяққа бағынбай, пастарымыз да қиыс кетіп жатты. Бірақ уақыт өте келе алаңға бой үйретіп, басымдықты қолға алдық. «Шахтер» қыздарын біз бұрын да ұтып жүрген едік. Яғни, бұл матчта біз фаворит болдық. Енді осы турнирдің чемпионы атанып, Дастан Сәтпаев сияқты танымал болғымыз келеді. Ал жалпы әлемдік футболда Киллиан Мбаппені кумир санаймын», — деді Аружан.
Фото: Виктор Рябов