
Футболдан қыздар арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып жатқан QJ лига турнирінің ашылу салтанаты Павлодарда өтті. Алғашқы турдың ең алғашқы матчында жергілікті «Ертіс» ойыншылары қарағандылық «Шахтерден» 5:1 есебімен басым түскен болатын. Ойын аяқталған соң, «Ертіс» бас бапкері Айгүл Қырықбаева сұхбат беріп, матчта көзіне жас алғанын жасырмады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Матч Павлодарда өткен соң, біз өз жанкүйерімізді қуантқымыз келді. Себебі, «Ертіс» — жай команда емес, тарихы тереңге кеткен ұжым. Ерлер командасы еліміздің бес дүркін чемпионы атанған. Сондықтан, біз қыздардың да алар еншісі барын көрсеткіміз келді.
Матчқа келер болсақ, QJ лига секілді ірі турнирдің қыздар арасында басталғаны бізді қатты қуантады.Бұл отандық әйелдер футболының дамуына ерекше серпін беретінін сеніммен айтамын. Осы кездесуде менің төл шәкіртім Елизавета Медведева стандарттан гол соқты. Сол кезде көз жасымды тоқтата алмадым.
Ойында дубль жасаған Аружан Оспанованы да өзім тапқан едім. Сондықтан, оларды бапкер ретіндегі алғашқы қарлығаштарым деп айтамын. Кездесуде біз сенімді жеңіске жеттік. Енді турнир барысында осы көш басында жүруге ұмтыламыз», — деді Қырықбаева.
Айта кетелік, QJ лига турнирі қыздар арасында алғаш рет тұсауын кесті. Футбол бәсекесінде 2009 жылдан бері қарай туылған қыздардан құралған 8 команда бақ сынайды.
Фото: Виктор Рябов