
Алматыда Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогы және IJF төрешілік емтиханы өтті, деп хабарлайды федерацияның баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Алматыда дзюдодан жасөспірімдер мен жастар арасында өткен Бекет Махмұтовты еске алуға арналған Азия кубогы жоғары деңгейде ұйымдастырылып, өз мәресіне жетті. Бұл турнир Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген және жас спортшылар үшін маңызды халықаралық дода саналады.
Төрт күнге созылған жарысқа Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Моңғолия, Үндістан, Ливан, АҚШ және IJF құрамаларынан 800-ден астам дзюдошы қатысты. Қазақстан құрамасы жалпы командалық есепте көш бастады. Жасөспірімдер құрамасы 5 алтын, 4 күміс, 12 қола, ал жастар құрамасы 5 алтын, 7 күміс, 10 қола медаль жеңіп алды.
Азия кубогының жеңімпаздары қатарында Арсен Елемес (-55 кг), Ролан Қайрғали (-66 кг), Інжу Шахабадин (-44 кг), Фатима Супугалиева (-52 кг), Гүлсезім Тұрлыбек (-70 кг), Ерасыл Ержанов (-66 кг), Ерасыл Нұртаза (-100 кг), Бейбарыс Сұлтан (+100 кг), Іңкар Құралбай (-48 кг) және Көркем Орымбек (-70 кг) бар.
Турнир аясында Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) төрешілерге арналған халықаралық емтихан ұйымдастырды. Емтиханның практикалық кезеңі тікелей жарыс барысында өтті. Оған 11 елден келген 19 төреші қатысып, емтихан тапсырды. Емтиханға IJF бас рефери директорлары Даниэл Ласкау мен Армен Багдасаров, Азия дзюдо одағының (JUA) бас рефери директоры Осака Акинабу және JUA рефери-директоры, Олимпиада жүлдегері Асхат Житкеев жетекшілік етті.
Нәтижесінде қазақстандық төрешілер Тимур Ажимов (Ақтөбе облысы) пен Әділ Бисенқұлы (Маңғыстау облысы) емтиханды сәтті тапсырып, IJF халықаралық санаттағы төреші атағын иеленді.
Айта кетерлігі, Бекет Махмұтовты еске алуға арналған турнир биыл осымен сегізінші рет ұйымдастырылды.