«Генктің» 16 жастағы қазақстандық вингері Шахмұрат Дәулетов УЕФА Жасөспірімдер лигасының үшінші іріктеу кезеңінде ХИК-ке (2:2) қарсы қарымта матчта дебют жасады, деп хабарлайды ASnews.kz.
Шабуылшы еурокубоктағы алғашқы ойынын өткізіп, алаңға 74-минутта шықты. Екінші таймның ортасында бельгиялықтар есепте алда болған, алайда Альфа Барри алаңнан қуылғаннан кейін қонақтар тең есепке қол жеткізді. «Генк» қорғаушысы голды тойлау кезінде қарсылас қақпашысын ұрып жіберген еді.
Осылайша, бельгиялық клуб екі ойынның қорытындысы бойынша (2:3) ХИК-ке есе жіберіп, турнирмен қоштасты.
Биыл жазда Дәулетов «Йонг Генк» сапында да дебют жасап, ПСВ қақпасына екі гол соққан болатын. Кейінірек ол «Фортуна» мен Люксембург U-18 құрамасына қарсы ойындарда мергендігімен көзге түсті.
