Түркістан облысының бокс федерациясы 2025 жылдың қорытындысына арналған дәстүрлі есептік жиынын өткізді, деп жазады Sportbugin.kz.
Басқосуда облыстық бокс федерациясының президенті Сұлтан Көшенов жыл бойы атқарылған жұмыстарға жан-жақты тоқталып, өңір спортшыларының республикалық және халықаралық аренадағы жетістіктерін атап өтті.
Жиын барысында ел боксының дамуына елеулі үлес қосқан үздік мамандар мен спортшыларға құрмет көрсетілді. Атап айтқанда, бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мырзағали Айтжановқа 5 миллион теңгенің сертификаты табысталды.
Сондай-ақ Әлем кубогінің жүлдегері Сағындық Тоғамбай да 5 миллион теңгелік сертификатпен марапатталды.
Ал Дубай қаласында өткен IBA бокс ұйымының Әлем чемпионатында ширек финалға дейін жеткен абсолют салмақ дәрежесіндегі Нұрлан Сапарбайға 1 миллион теңгенің сертификаты берілді.
Сонымен қатар, жиында кадрлық өзгерістер мәселесі де қозғалды. Қазіргі таңда Түркістан облысының ересектер құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарып жүрген Нүркен Андасовтың Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасында жаттықтырушы болып қызмет етуіне байланысты облыстағы аға жаттықтырушы лауазымын ауыстыру жөнінде ұсыныс айтылды.
Бұл жауапты қызметке әзірге Түркістан облысының жастар арасындағы аға жаттықтырушысы Олжас Оразалиев лайықты кандидат ретінде қарастырылып отыр.
Жиын қорытындысында федерация басшылығы мен жаттықтырушылар алдағы жылға нақты мақсат-міндеттерді айқындап, Азия ойындарында жоғары нәтиже көрсету және Лос-Анджелес қаласында өтетін жазғы Олимпиада ойындарына жолдама алу үшін дайындықты күшейту қажеттігін атап өтті.
