Бокстан әлем және Азия чемпионы, екі Олимпиада ойындарына қатысушы Абылайхан Жүсіпов ұлттық құрамадағы бапкерлердің ауысуына қатысты пікірін білдірді. Бұл туралы Aqyrys Seitqazy арнасына сілтеме жасаған Sportbugin.kz хабарлайды.
«Қайрат ағайға менің алғысым шексіз. Ол кісінің адамгершілігін еш ұмытпаймын. Боксшылармен тіл табыса білді, жағдайды түсіне білді.
Менің әкемнің аты да — Қайрат. Қызығы сол, менің әкем де, Қайрат Тұрсынханұлы да бір күнде дүниеге келген. Сондықтан, ол кісіге екінші әкемдей еркелейтінім бар.
Қазір жаңа бапкермен жұмыс басталып кетті. Жаттығу жиындары өтіп жатыр. Команда жаңа бапкерге де бейімделеді.
Ал Қайрат ағайдың ішінде бір арман кетті деп ойлаймын. Кім болса да, Олимпиадаға құраманы бастап апарғысы келеді ғой. Әр спортшының арманы Олимпиадаға бару болса, бапкердің де әуесқой бокстағы ең биік шыңы Олимпиадамен өлшенеді», — деді Жүсіпов.
Айта кетелік, бокстан Қазақстан құрамасын бүгінде Нұржан Насанов жаттықтырады.
