Алматы облыстық дзюдо федерациясының президенті Алмас Текебаев Азия ойындарының финалына шыққан дзюдошыға су жаңа автокөлік сыйламақ. Бүгінде ол болашақ финалистке берілетін темір тұлпарды дайындап қойды, деп жазады Sportbugin.kz.
Алмас Текебаевтың Алматы облыстық дзюдо федерациясына басшы болып келгеніне жарты жылға жуықтады. Бұған дейін облыстық гандбол федерациясын басқарған маман Ақжүрек Таңатаровтың ұсынысымен өңірдегі дзюдо спортын да өз қамқорлығына алған. Жаңа басшы дзюдошыларды жігерлендіру мақсатымен спортшыларға ерекше сый дайындап қойды.
«Алматы облысында дзюдо жақсы қарқын алып келеді. Былтыр түрлі жас деңгейіндегі республикалық және халықаралық жарыстардан біздің облыстың өрендері жүзден аса медаль алып келген. Десе де, аймақ спортшыларының құрлықтық, әлемдік жарыстарда көзге түсіп, ел намысын абыроймен қорғағанын көру бәріміз үшін үлкен қуаныш. Сол себепті, жергілікті дзюдошыларды жігерлендіру мақсатында бір темір тұлпар дайындап қойдық. Биыл Жапонияда өтетін Азия ойындарында біздің спортшымыз финалға шықса, автокөлік сыйлаймыз», — дейді Алмас Маратұлы.

Бүгінде федерация басшысы облыс дзюдошыларына әлемдік брендтен спорттық формалар табыстаған. Сондай-ақ, ел чемпионатында жақсы нәтиже көрсеткен балуандардың шетелде жаттығу жиынын өткізуге көмектеспек. Сондай-ақ, былтыр Алматы облысы дзюдодан жастар арасындағы ел біріншілігін өте жоғары деңгейде өткізіп үлгерді.
«Негізі, біздің тағы бір қуанышты жаңалығымыз бар. Оны да сәті түскенде айтамыз. Мұндағы басты мақсатымыз – спортшыларды жігерлендіру. Өйткені, ел намысын қорғайтын атлеттерімізді тұрмыстық сауалдар көп мазаламауы керек. Бір жағынан мотивация болса, екінші жағынан үлкен жеңістерге жол ашылсын деген тілек», — дейді Алмас Текебаев.
Айта кетелік, жазғы Азия ойындары 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында өтеді. Жазғы Азиадада спорттың 41 түрінен 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынады.
