Еркін күрестен Қазақстан құрамасының бас бапкері Данияр Қайсанов өзінің жаңа қызметке тағайындалуына қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Айта кетелік, көпшілік Қайсановтың бұған дейін бапкерлік қызметте болмағанын ескеріп, оның тәжірибесіне күмән келтірген еді. Алайда, бұрынғы балуан мұндай пікірмен келіспейтінін айтты.
«Мен көшеден келген жоқпын ғой. Саналы ғұмырымды осы еркін күреске арнап келе жатырмын. Жастарға мүмкіндік берген екен, неге соны пайдаланбасқа?! Меніңше, ұлттық құраманың жетістігі үшін барлығын да көру керек.
Өзім балуан ретінде қаншама бапкердің қол астынан өттім. Одан бөлек, Дағыстанда, Осетияда, Әзербайжанда жаттықтым. Әлемдегі мықты бапкерлердің тәжірибесін көрдім. Сондықтан, бұл жұмыстан қашпаймын.
Мұндай мүмкіндік бір рет берілетін болған соң, тәуекелге бел будым. Жұмыс енді басталды. Біздің нәтижеге уақыт төреші болады»,- деді Қайсанов.
Данияр Қайсанов еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы, әлем чемионатының қола жүлдегері.
