25 ақпан пен 1 наурыз аралығынд Албанияның Тирана қаласында күрестен рейтингілік турнир өтеді. Аталған сынға Қазақстан командасы басты жұлдыздарының бірі Ризабек Айтмұхан қатысады, деп жазады Sportbugin.kz.
Құраманың бас бапкері Данияр Қайсановтың айтуынша, бұл турнирге Ризабектің ең мықты деген қарсыластары түгел жиналмақ.
«Ризабек бүгінде 97 келіге бейімделді деп айтуға негіз бар. Албаниядағы турнирге қатысатын спортшылар тізімінен бұл салмақтағы мықтылардың бәрін көрдім.
Кайл Снайдер, Амирали Азарпира, Абдулрашид Садулаев сынды даңқты балуандар қатысады. Сондықтан, бұл бәсеке біздің балуанымыз үшін үлкен сынақ әрі тәжірибе болары сөзсіз», — дейді Қайсанов.
Сондай-ақ, бас бапкер Ризабектің коммерциялық күрес кештеріне қатысқанын қолдайтынын айтты.
«Біздің кезімізде мұндай жарыстар мүлдем болмайтын. Қазір түрлі лигалар ашылғаны қуантады. Садулаевтың өзі америкалық RAF лигасында күрескелі жатыр. Мұндай белдесулер шеберлікті арттыратыны сөзсіз. Балуандар осындай лигаларға шақырту алса, шын қуанамын», — дейді Данияр.
