Албанияда өтіп жатқан күрестен рейтингілік турнирде қазақстандық екі балуан қыз ақтық сынға жолдама алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Әйелдер арасында 50 келіде сынға түсетін Зейнеп Баянова алдымен америкалық қарсыласын 10:0 есебімен жеңді. Кейін аса тартысты белдесуде жапон қызы Мию Накамураны 8:7 есебімен ұтты.
Ал жартылай финалда үнділік Мускан Мусканнан басым түскен. Есеп — 12:1. Финалда Зейнеп тағы бір үндістандық балуан Приянчи Пражапатпен белдеседі. Зейнеп Орал күрес мектебінің өкілі.
Сонымен қатар, 55 келідегі Лаура Алмағанбетова да ақтық сында белдеседі. Лаура турнир барысында үндістандық Пушпаны, әлем, Еуропа чемпионатының жүлдегері, германиялық Анастасия Блайвасты жеңді.
Лаураның финалдағы қарсыласы — украиналық Лилия Маланчук.
