Болгарияның София қаласында өткен Bulgarian Open рейтингілік турнирін таеквондодан Қазақстан командасы сәтті аяқтады. Ұлттық құрама спортшылары жалпы командалық есепте екінші орынға табан тіреді. Осыған орай, Sportbugin.kz бас бапкер Есбол Сұлтановтың пікірін білген болатын.
«Турнирдің рейтингі өте жоғары болды. Бұл G2 санатындағы, кіл мықтылар жиналатын жарыс. Биылғы додаға әлем және Олимпиада чемпиондары, Еуропаның үздіктері түгел қатысты. Сондықтан, бәсекелестік жоғары болды деуге толық негіз бар.

Ал біздің командаға келер болсам, жылдың алғашқы ресми жарысы үшін жақсы нәтиже көрсеттік. Спортшылар өздеріне сенімді болды. Енді осы сенімді маусым бойы ұстап тұру керек.
Былтыр дәл осы Bulgarian Open турнирінде біз 1 алтын ғана алғанбыз. Биыл 5 алтын алдық, сондай-ақ, жалпы командалық есепте екінші орынға табан тіреп отырмыз. Негізі, бірінші орын алған Ресей құрамасымен алтын саны тең. Олар 2 күміс артық алғандықтан, алға шығып кетті.

Ұлттық құраманың маусымдағы алғашқы аяқ алысын байқадық. Енді әрі қарай жұмыс істейміз», — деді Есбол Сұлтанов.
Айта кетелік, Bulgarian Open рейтингілік турнирі ұлттық құрама спортшылары үшін Азия чемпионатына іріктеудің алғашқы кезеңі саналады.
