
Азия чемпионатында Қазақстан мен Өзбекстан боксшылары арасындағы алғашқы кездесу ширек финалда өтеді, деп жазады Sportbugin.kz
Екі дүркін әлем чемпионы Махмуд Сабырхан өзбекстандық Шахзод Музаффаровпен кездеседі.
Қос боксшы бұған дейін 2024 жылы Азия чемпионатының финалында кездескен болатын. 54 келі салмақ дәрежесінде өткен сол жекпе-жекте Сабырхан 4:1 есебімен жеңіске жеткен еді.
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Тұрсынғали Еділов алдағы айқастың оңай болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, өзбек боксшысы айтарлықтай тәжірибе жинап, бұл жолы мүлде басқа деңгейде шығуы мүмкін.
«Өзбек боксшысы оңай қарсылас емес. Иә, Махмұд оны бұрын жеңген, бірақ уақыт өтті. Өзбек бапкерлері де қорытынды жасап, түзетулер енгізді деп ойлаймын. Сондықтан біз бұрынғыдан да мықты Музаффаровты көруіміз мүмкін. Дегенмен Сабырхан да осал емес. Ол Ливерпульде өте жақсы бокс көрсетіп, физикалық дайындығы жоғары екенін дәлелдеді. Сондықтан жекпе-жек екі спортшы үшін де ауыр болады» — деді Тұрсынғали Еділов Sportarena.kz сайтына берген сұхбатында.
Тәжірибелі маманның пікірінше, бұл кездесуде Сабырханның тәжірибесі мен шеберлігі шешуші рөл атқаруы мүмкін.
