
Азия чемпионатының қола жүлдегері Ертуған Зейнуллинов жартылай финалдағы жеңілісіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz
«Көңіл-күйіміз құбылмалы болып тұр. Қайта-қайта “ұтылмадым” деу де оңай емес екен. Қанша тырыссақ та, қолымызды көтермей жатыр. Не болып жатқанын түсінбедік. Қателік бізден де кеткен шығар.
Бірінші раундта 5:0 есебімен ұтылған жоқпын. Екінші раундты 3:2 есебімен қарсыласқа берді. Үшінші раундта өз ойынымды көрсетуге тырыстым. Қарсылас қолымды байлап, белсенділік танытпады, бірақ оған ескерту берілмеді. Бұл раунд 4:1 есебімен маған берілді.
Жалпы есеп 2:1 болуы керек еді. Негізі шешуші раундқа басымдық беріледі. Мен жеңдім деп ойладым. Алайда төрешілер шешімімен қарсыластың қолы көтерілді. Осы тұсын түсіне алмадық», — деді спортшы.
Сонымен қатар ол өз тарапымыздан да қателіктер болуы мүмкін деп атап өтті.
«Қалай болғанда да, тоқтамаймыз. Сынбаймыз», — деді ол.
Айта кетейік, 2025 жылы Ливерпуль мен Дубай қалаларында өткен әлем чемпионаттарында да Зейнуллиновтың жекпе-жектері төрешілер шешіміне байланысты қызу талқыға түскен болатын.
