
Грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Қонысбек Төкенов Бішкекте өткен Азия чемпионатын қорытындылады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
«Негізі, Бішкекке 1 алтын, 1 күміс, 2 қола аламыз деп барған едік. Бір күмісіміз кем болып қалды.
Жүлде алады деп сенім артқан жас балуанымыз Бағдат Сабаз жеңіліп қалды. Ол олимпиадалық салмақта үміт күттіріп жүрген спортшылардың бірі еді. Бішкекте жолы болмады.
Сондай-ақ, тәжірибелі Ибрагим Магомадов финалға шығады деген ой болған. Ол бұған дейін Азияны бағындырған жігіт. Өзінің басты қарсыласы – өзбек балуанын жеңген соң, әрі қарай күресі ашылады деп ойлағам. Бірақ Бахрейн атынан сынға түсетін ирандық спортшыға есе жіберіп, қоланы қанағат тұтты.
97 келіде күрескен Ислам Евлоев осы жарыстан соң 87 келіге қайта оралады. Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали да 60 келіде белдесуге дайындалып жатыр. Әзірге, команданың қарқыны жаман емес. Біраз жігітті бір сынап алдық. Енді балуандар Қазақстан кубогында өзара мықтыны анықтайды. Командада легионер жоқ, мен келісмек спортшыларға қарсы адаммын», — деді Төкенов.
