Әзербайжан астанасы Бакуде өтіп жатқан көркем гимнастикадан әлем кубогы кезеңінде қазақстандық Ақмарал Ерекешева финалда өнер көрсетті, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Көпсайыс қорытындысы бойынша Ақмарал 107.55 ұпаймен оныншы орын алды. Бұл сында украиналық Таисия Онофрийчук (115.65) топ жарса, күмісті Дарья Ворфолемеев (Германия, 114.75), қоланы Стиляна Николова (Болгария, 114.5) иеленді.
Ақмарал шығыршықпен және таспамен жаттығуда финалға шыққан болатын. Шығыршық жаттығуындағы ақтық сында ол 27.95 ұпаймен 6-орын алды.
Осы орайда, Ерекешева Өзбекстан командасының үздігі Тахмина Икромова мен Париж Олимпиадасының чемпионы Дарья Ворфолемеевті артқа қалдырғанын айта кету керек.
Аталған сында тағы да украиналық Таисия Онофрийчук жеңіске жетті. Енді қазақстандық спортшы таспа жаттығуында бақ сынайды.
Айта кетелік, бұл Ақмарал Ерекешеваның ересектер сапына өткелі қатысып жатқан алғашқы әлем кубогы додасы. Бұған дейін ол Францияда өткен Гран-при турнирінде көзге түскен болатын.
