22 сәуір күні Түркістан облысында болған жол апатынан жас спортшылар қаза тапты, деп жазады Sportbugin.kz.
Жасөспірімдер отырған көліктің рөлінде олардың жаттықтырушысы болған. Арыс-Шардара тас жолында жеңіл көлік пен жүк көлігі соқтығысып, салдарынан үш волейболшы оқиға орнында көз жұмды.
Алдын ала мәлімет бойынша, жаттықтырушы өзіне тиесілі Chevrolet Cobalt автокөлігімен Мақтаарал ауданынан Түркістан қаласына облыстық волейбол турниріне 8 сынып оқушыларынан құралған команданы алып бара жатқан.
Қазіргі уақытта жаттықтырушы мен тағы бір тәрбиеленуші жарақат алып, ауруханада жатыр.
Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, сотқа дейінгі тергеу өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша және балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау дерегі бойынша да жүргізілуде.
