Қазақстан дзюдошылары елордада 8 жүлде жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
8-10 мамыр күндері Астана қаласында өткен Qazaqstan Barysy Grand Slam турнирі аяқталды. Үш күндік бәсекеде Қазақстан құрамасы сапында 53 спортшы татамиге шығып, жанкүйерлер алдында жарқын нәтиже көрсетті.
Ұлттық құрама қоржынына жалпы 2 алтын, 2 күміс және 4 қола жүлде түсті.
60 келіде Талғат Орынбасар күміс жүлдеге қол жеткізсе, Шерзод Давлатов қола медаль иеленді. Талғат жарыс барысында Токио Олимпиадасының күміс жүлдегері Ян Юн-Вэйді жеңіп, көпшілікті тәнті етті.
81 келі салмақта Жалғас Қайролла турнирдің басты сенсациясын жасап, чемпион атанды. Ал Аңсарбек Ғайнуллин осы салмақта қола жүлде жеңіп алды.
90 келіде Айдар Арапов үздік үштікті түйіндеп, Қазақстан қоржынына қола медаль салды.
100 келіде Марат Байқамұров финалда жеңіске жетіп, ел құрамасына алтын медаль сыйлады.
+78 келіде Кәмила Берліқаш финалға дейін жетіп, күміс жүлдеге ие болды. Ал Аида Тойшыбекова қола медаль жеңіп алды.
Сондай-ақ Жалғас Қайролла, Аңсарбек Ғайнуллин, Шерзод Давлатов, Айдар Арапов және Аида Тойшыбекова өз мансабында алғаш рет Grand Slam турнирінің жүлдегерлері атанды.
