Футболшы Елдос Ахметов «Қайрат» — «Атырау» матчында қателік жіберген қақпашы Темірлан Анарбеков туралы пікір білдірді, деп жазады Sportbugin.kz.
Ахметов жанкүйерлерді бір ғана сәтсіз ойын үшін қақпашыны сынға алмауға шақырды.
«Темірланды бүгінгі матчтағы бір қателігі үшін қаралауға асықпайық. Футболда қателеспейтін ойыншы болмайды. Әсіресе қақпашының қателігі бірден көзге түседі.
Бірақ бір сәтсіздік үшін оның командаға сіңірген еңбегін ұмытуға болмайды.
Кеше ғана Темірлан «Қайраттың» Чемпиондар лигасындағы тарихи жолындағы басты қаһармандардың бірі болды. Оның сейвтері мен сенімді ойыны командаға талай қиын сәттен алып шықты. Ол Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінде сейвтер саны бойынша үздіктер қатарына кіріп, Қазақстан футболының абыройын асқақтатты.
Темірлан, басыңды тік ұста! Біз сенің команда үшін жасаған еңбегіңді ұмытқан жоқпыз», — деп жазды Ахметов Instagram парақшасында.
