Қытайдың Гуянг қаласында бокстан Әлем кубогы жалғасып жатыр. Жарыстың төртінші күнінде Қазақстан құрамасының үш боксшысы шаршы алаңға шығып, екеуі келесі кезеңге жолдама алды.
51 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Алуа Балқыбекова Венесуэла өкілі Ирисмар Кардосомен сынға түсті. Отандасымыз жекпе-жекті 4:1 есебімен өз пайдасына шешіп, ширек финалға жолдама алды.
54 келіге дейінгі салмақта үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай Польша боксшысы Виктория Беата Рогалинскамен кездесті. Екі спортшы бірнеше ай бұрын Бразилияда өткен Әлем кубогында да жолығып, ол кезде поляк боксшысы басым түскен еді. Бұл жолы Назым қарсыласынан 4:1 есебімен есе қайтарып, жартылай финалға өтті.
Ал 65 келі салмақтағы Санатәлі Төлтаев Англия өкілі Патрис Мугалзаймен кездесті. Төрешілер шешімімен жеңіс қарсыласқа берілді, есеп — 5:0. Осылайша, Санатәлі Төлтаев жарыс жолын аяқтады.
Ертең, 19 маусым күні сегіз отандасымыз ширек финалда күш сынасады. Күндізгі сессияда Виктория Графеева, Лаура Есенкелді, Санжар Тәшкенбай, Абылайхан Жүсіпов және Тимур Нұрсейітов шаршы алаңға шықса, кешкі сессияда Алуа Балқыбекова, Аида Әбікеева және Айбек Оралбай ел намысын қорғайды.
Автор: Ажар Алина
