Британдық бокс сарапшысы Мэтт Робинсон Сабыржан Аққалықов пен Жавохир Умматалиевтің жекпе-жегін талдап берді, деп жазады Sportbugin.kz.
Оның айтуынша, жекпе-жекті тікелей эфирде көрген кезде алғашқы раундты Аққалықовқа берген. Себебі қазақстандық боксшы белсендірек болып, қарқынды жұмыс жасағандай әсер қалдырған.
Алайда кездесуді кейін бірнеше рет қайта қарап шыққаннан кейін сарапшы өз пікірін өзгерткенін айтты.
Робинсонның сөзінше, белсенділік әрдайым жеңісті білдірмейді, ең бастысы — соққылардың тиімділігі мен дәлдігі. Ол алғашқы раундта Умматалиевтің соққылары нәтижелірек болғанын және маңызды эпизодтарда өзін жақсырақ көрсеткенін атап өтті.
Сарапшы екі боксшы да ринг ортасы үшін күрескенін, алайда өзбек спортшысының әрекеттері сәл басымырақ көрінгенін жеткізді. Сондықтан ол төрешілердің бірінші раундта Умматалиевке басымдық беруін әділетті шешім деп бағалады.
Айта кетейік, Сабыржанның жеңілісінен кейін көптеген сарапшылар мен жанкүйерлер бұл шешімге наразылық білдіріп, төрешілердің әділ төрелік етпегенін айтып жатыр.
