Асылым Жақия оқ атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы атанды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Қазақстан құрамасы Германияның Зуль қаласында өтіп жатқан оқ атудан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір алтын жүлдеге қол жеткізді.
Ел намысын қорғаған Асылым Жақия 25 метр қашықтықтан стандартты шағын калибрлі тапаншамен оқ ату сайысында 554 ұпай жинап, әлем чемпионы атанды.
Күміс жүлде 552 ұпаймен Үндістан спортшысы Шауля Дилип Бхарнеге бұйырса, оның отандасы Рия Дуггал дәл осындай нәтижемен қола медаль иеленді.
Осылайша, Асылым Жақияның жеңісі Қазақстан құрамасының Зульдегі әлем чемпионатындағы үшінші жүлдесі болды.
Бұған дейін стенд атудан әйелдер құрамасы «трап» бағдарламасында алтын медаль жеңіп алған болатын. Сондай-ақ Ринат Казаченко нысана көздеуден күміс жүлдеге ие болды.
Айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты Германияның Зуль қаласында жалғасып жатыр.
