Таеквондодан Қазақстан жастар құрамасы Kazakhstan Open турнирінде 27 медаль жеңіп алды, деп жазады Sportbugin.kz.
Астанада таеквондодан Kazakhstan Open халықаралық рейтингтік турнирінің екінші жарыс күні мәресіне жетті. Бұл күні жастар арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасы 27 медаль жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады.
Турнир жеңімпаздары атанғандар қатарында Мәулен Рахметолла (-45 кг), Юсуф Анвар-Әлиев (-48 кг), Павел Ем (-63 кг), Алидар Әбдікәрімов (-68 кг) және Аяру Есенғали (-42 кг) бар.
Күміс медальді Ұлықбек Торавеков (-45 кг), Хусан Жалолитдинов (-48 кг), Алинұр Еркін (-59 кг), Аманай Құралбаев (+78 кг), Малика Мұрат (-44 кг) және София Пахритдинова (-49 кг) иеленді.
Ал қола жүлдеге Арман Мұрат, Бекнар Адыр, Таир Меңдібаев, Алан Жүнісов, Ерасыл Нұрберген, Арыстанбек Желеу, Дияр Қасым, Кирилл Бродяной, Шынар Арғын, Ақниет Асылханқызы, Маржан Нұржанова, Рухшона Азимханова, Аида Гожалимова, Жанару Қалыбай, Амили Асылбек және Балгерім Өтеген қол жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы 5 алтын, 6 күміс және 16 қола медальмен жалпыкомандалық есепте бірінші орынға көтерілді. Екінші орынға 5 алтын, 1 күміс және 4 қола жүлде иеленген Түркия құрамасы тұрақтаса, Ресей спортшылары 3 алтын, 3 күміс және 3 қола медальмен үздік үштікті түйіндеді.
Еске салсақ, бұған дейін ересектер арасындағы жарыста қазақстандық таеквондошылар 3 алтын, 3 күміс және 7 қола медаль жеңіп алып, командалық есепте екінші орын алған болатын.
Айта кетейік, Kazakhstan Open — World Taekwondo ұйымының ресми күнтізбесіне енген G-1 санатындағы халықаралық рейтингтік турнир. Дода 25-27 маусым аралығында Астанадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтуде. Турнирдің соңғы күні жасөспірімдер арасындағы жеңімпаздар анықталады.
