Аделина Земс Qosanov Memorial халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Шымкент қаласында өтіп жатқан XXXV Qosanov Memorial World Athletics Continental Tour Bronze Level халықаралық турнирінде қазақстандық спортшы 400 метрге кедергілер арқылы жүгіруден алтын медаль жеңіп алды.
Финалдық жарыста Аделина Земс 55.69 секунд нәтижемен мәреге бірінші болып жетіп, турнир чемпионы атанды.
Аталған сайыста жүлделі үш орынды да қазақстандық спортшылар иеленді. Анастасия Колода 59.66 секунд нәтижемен екінші орын алса, Екатерина Колода 1 минут 0.30 секунд көрсеткішпен үздік үштікті түйіндеді.
Айта кетейік, Qosanov Memorial турнирі Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионда өтіп жатыр. World Athletics Continental Tour Bronze Level санатына кіретін халықаралық жарыс 1 шілдеге дейін жалғасады.
