Елдос Сметов IJF рейтингінде 10 сатыға жоғарылады, деп жазады Sportbugin.kz.
Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Қытайда өткен Гран-при турнирінен кейін Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңартылған әлемдік рейтингінде 10 сатыға көтерілді.
Қазақстан құрамасының көшбасшысы қазір 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1352 ұпаймен әлемдік рейтингтің 30-орнына жайғасты.
Аталған салмақта үздік отыздыққа енген тағы үш қазақстандық дзюдошы бар. Талғат Орынбасар 1919 ұпаймен 19-орынға (+2), Шерзод Давлатов 1863 ұпаймен 20-орынға (+3), ал Аман Бақытжан 1513 ұпаймен 28-орынға (-1) тұрақтады.
Айта кетейік, Циндаода өткен Гран-при кезеңінде Елдос Сметов бесінші орын иеленіп, қола жүлдеге бір қадам жетпей қалды. Бұл оның Париж Олимпиадасындағы тарихи жеңісінен кейінгі алғашқы ресми жарысы болды.
