Әйгілі ресейлік көркем гимнаст Яна Кудрявцева бір жыл бойы әкесімен араласпай кеткенін айтты, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Спортшының анасының айтуынша, мансабын аяқтағаннан кейін Янаға ірі жарнамалық келісімшарттар ұсынылған. Алайда ол бәрінен бас тартып, тынығып, қалыпты өмір сүргісі келген.
«Демалғым, қыдырғым, бұрын өмір сүрмеген өмірді көргім келді. Сол кезде үлкен сомадағы келісімшарттардан да бас тарттым. Қазір сондай ұсыныс түссе, асығыс шешім қабылдамас едім», — деді Кудрявцева.
Бұл шешім оның әкесімен үлкен келіспеушілікке әкелген. Екеуінің мінезі ұқсас болғандықтан, бір жылға жуық сөйлеспей кеткен.
«Кейін бәрі түзелді. Туған күнімде көпшіліктің алдында әкемнен кешірім сұрадым. Оны жақсы көретінімді, мен үшін жасаған барлығы үшін алғысымды білдірдім. Екеуміз де жыладық, сол күні татуластық», — деп еске алды спортшы.
Айта кетейік, Янаның әкесі Алексей Кудрявцев – 1992 жылғы Олимпиада чемпионы, жүзуден халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
