Нидерландтық футбол төрешісі Роб Диперинк 38 жасында қайтыс болды. Бұл туралы жергілікті ED басылымы хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz.
Әзірге оның өлімінің нақты себебі жарияланған жоқ. Басылымның мәліметінше, оқиғаға байланысты полиция тергеу жүргізіп жатыр.
Роб Диперинк 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында VAR (бейнеқайталау жүйесі) төрешісі ретінде қызмет атқаруы тиіс болған. Алайда турнир басталардан бір ай бұрын Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) оны жарысқа қатысатын төрешілер тізімінен алып тастады.
Бұған 2026 жылдың сәуір айында кәмелетке толмаған адамға қатысты сексуалдық сипаттағы қылмыс жасады деген күдікпен ұсталғаны себеп болған. Кейін Лондон полициясы оның кінәсін дәлелдейтін айғақ таппай, істі жапқан. Соған қарамастан, ФИФА әлем чемпионатында мінсіз беделі бар мамандар ғана жұмыс істеуі тиіс деген ұстаныммен Диперинкті турнирден шеттеткен.
Роб Диперинк Нидерланд чемпионатында 2017 жылдан бері төрешілік етті. Кейін халықаралық деңгейдегі VAR төрешісі атанып, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының бірнеше матчында қызмет атқарған.
