Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясы ұйымның басты ұстанымы боксшылардың мүддесі мен қауіпсіздігін қорғау екенін мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
“Қазақстан кәсіпқой Бокс Федерациясының басты міндеті — боксшыларды қорғау, олардың мансабын өзгенің мүддесіне сай айла-шарғы жасауға жол бермеу. Біз өз спортшыларымызды әдейі жеңіліске ұшырататын жекпе-жектерге жіберіп, оларды біреудің пайдасы мен қаржысы үшін құрбан етуге ешқашан жол бермейміз.
Жалған белбеулерді саудалау мен рингті күмәнді титулдардың нарығына айналдыру дәуірі түбегейлі аяқталды. Жекпе-жектерді санкциялаудан бас тарту немесе лицензияларды кері қайтарып алу — бұл жеке көзқарас емес, спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық регламенттердің сақталуын қатаң бақылау.
Спортшылар — құрбандыққа шалынатын материал емес. Әділ спорттың ережелері баршаға бірдей!” — деп жазды.
Айта кетейік, бұған дейін белгілі промоутер Жанпейіс Назарғали Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының жұмысына қатысты пікір білдіріп, отандық кәсіпқой бокста әділетсіздік, аяқтан шалу және көреалмаушылық бар екенін жазған болатын.
