Ресей құрамасының боксшысы Салтанат Меденова Ресейдің «Еңбек сіңірген спорт шебері» атағын алғанын мәлімдеді, деп жазады Sportbugin.kz.
Боксшы Instagram парақшасында Ресей Спорт министрлігі берген куәліктің суретін жариялады.
«Біз көптен күткен куәліктерімізді — “Ресейдің еңбек сіңірген спорт шебері” және “Ресейдің еңбек сіңірген жаттықтырушысы” атақтарын ресми түрде алдық! Осындай сәттерде осы уақытқа дейін жүріп өткен жолыңның қаншалықты ұзақ болғанын ерекше сезінесің. Кеше ғана осыны армандап, мақсат қойып жүргендей едік. Ол кезде мақсаттарымыз тым алыс әрі қол жетпестей көрінетін», — деп жазды Меденова.
Айта кетейік, Омбы қаласында дүниеге келген Салтанат Меденова Ресей құрамасының атынан өнер көрсетеді.
2025 жылғы наурызда Меденова 81 келіге дейінгі салмақта IBA әлем чемпионы атанды. Ал 2026 жылғы сәуірде боксшы «Отан алдындағы еңбегі үшін» II дәрежелі орденімен марапатталған.
