Танымал бапкер Тұрсынғали Еділов Баходир Жалоловтың Өзбекстан құрамасына қайта оралуы мүмкін екені туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, деп жазады Sportarena.kz. сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Бапкердің айтуынша, Жалоловтың ұлттық құрамаға қайта қосылуы Қазақстанның ауыр салмақтағы боксшылары үшін қиындық туғызуы мүмкін.
«Егер бұл рас болса, онда бізде ауыр салмақта проблема болады. Иә, Баходир әуесқой бокста екі жылдан астам уақыт жұдырықтаспады. Кәсіпқой бокстағы жекпе-жектерінен кейін оның формасы төмендеді. Бірақ оның шеберлігі мен орасан зор тәжірибесі бар. Мұндай тәжірибе Ла Крустан басқа әлемдегі бірде-бір ауыр салмақтағы боксшыда жоқ», — деді Тұрсынғали Еділов.
Айта кетейік, Жалолов Париж Олимпиадасында екінші рет чемпион атанып, кейін әуесқой бокстағы мансабын аяқтаған болатын. Енді оның 2028 жылғы Олимпиадаға қатысуы мүмкін деген ақпарат тарады.
