Tанымал бапкер Тұрсынғали Еділов Баходир Жалолов пен Айбек Оралбай арасындағы ықтимал жекпе-жекке қатысты болжамын айтты, деп жазады Sportarena.kz. сайтына сілтеме жасаған Sportbugin.kz.
Еділовтің пікірінше, егер Жалолов Азия ойындарына қатысса, қазіргі әлем және Азия чемпионы Айбек Оралбайдан жеңілуі мүмкін.
«Егер Жалолов биылғы Азия ойындарына барса, онда Айбек Оралбайдан жеңілуі мүмкін. Себебі Айбек — қазіргі әлем және Азия чемпионы әрі жақсы бокс көрсетіп жүр», — деді Тұрсынғали Еділов.
Сонымен қатар бапкер Астанада өтетін әлем чемпионатында Жалоловтың алтынға басты үміткерлердің бірі болуы мүмкін екенін айтты. Осыған байланысты ұлттық құраманың жаттықтырушыларына да үлкен жұмыс күтіп тұрғанын жеткізді.
«Ал біздің ұлттық құраманың жаттықтырушыларына ойланатын мәселе бар. Иван Дычкодан кейін Қазақстанда Жалоловпен бәсекеге түсе алатын боксшы іс жүзінде болмады»,- деді.
