Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін жеңіспен бастады, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Ол Астанада өткен IBA Nomad лигасының International Boxing Day турнирінде филиппиндік Нил Хакамоспен (7-1, 1 КО) қолғап түйістірді.
Алғашқы кәсіпқой жекпе-жегінің өзінде Санжар Тәшкенбай үшін чемпиондық белбеу сарапқа салынды. Қос боксшы бірінші жеңіл салмақтағы IBF Asia титулы үшін 10 раундтық айқас өткізді.
Жекпе-жек толық он раундқа созылып, қазақстандық боксшы төрешілердің бірауыздан қабылдаған шешімімен жеңіске жетті. Тәшкенбай бесінші және сегізінші раундтарда қарсыласын нокдаунға жіберді.
Осылайша, Санжар Тәшкенбай кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуінде жеңіске жетіп қана қоймай, бірден IBF Asia чемпиондық белбеуін иеленді. Ал Нил Хакамос мансабындағы екінші жеңілісіне ұшырады.
