Белгілі боксшы Айдар Шәрібаев Азия ойындарында қазақстандық боксшылардың күтпеген жеңілістеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
“Бокстағы жүйені өзгертпейінше, осы жеңілістен көз ашпаймыз. Ақтаудағы қайғылы жағдайдан қабырғамыз қайысып отырғанда, боксшылардың жеңілісі еңсені одан сайын түсіріп жіберді. “Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады”, деген осы шығар.
Ойлаңызшы, құраманың бірінші нөмірлі боксшылары әлемдік жарыста бірінші айналымнан өте алмайтын болған! Дубайдағы әлем чемпионатының жеңімпазы мен финалисті атанған боксшыларды дұрыс дайындап апара алмадық. Осыдан соң не күтеміз енді?
Асылқұлов та, Аққалықов та көшеде жүрген біреу емес, әлем чемпионатының финалына шыққан боксшылар ғой!!! Мұндай деңгейдегі спортшылар бірінші айналымнан өте алмауы үшін не істеу керектігін білмеймін.
Азиаданың алдында АҚШ-қа жаттығу жиынына апарды. Не үшін? Иа, Америка жақсы. Бірақ онда кәсіби боксшыларға жақсы, әуесқой бокс өкілдеріне мұхит асудың қажеті жоқ. Бұл дегенің көкпардың атын бәйгеге салып қойғанмен бірдей ғой. Жүйе керек бізге, жүйе. Дайындық жүйесін дұрыстамайынша осы жеңілгеніміз жеңілген.
Әрине, Азиада Олимпиада емес. Сондықтан, екінші, үшінші нөмірлі боксшыларға да мүмкіндік берсе болушы еді. Тіпті, сол резервтегі балалармен де орын алатын мүмкіндік бар. Бірақ федерация кіл мықтыларды жинап апарды, сондағы нәтиженің кейпі осы. Өздерін ақтап та ала алмайды, сылтау жоқ», — деді Айдар Шәрібаев
