Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан құрамасы 84 медаль (12 алтын, 24 күміс, 48 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға жайғасты, деп жазады Sportbugin.kz.
2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында Қазақстан 11-орын алған еді. Осылайша, ұлттық құрама үш саты жоғарылап, алтын медаль санын да арттырды.
Боксшылар 12 жылдық үзілістен кейін Азия ойындарының алтынын жеңіп алды. Төрехан Сабырхан (70 кг) мен Айбек Оралбай (+90 кг) чемпион атанды.
Сапымен семсерлесуден ерлер құрамасы Азиада тарихындағы алғашқы алтынды жеңіп алса, академиялық есуде Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Қазақстанға осы спорт түрінен тұңғыш алтын медаль сыйлады.
Таеквондодан Тамирлан Тілеулес Қазақстан тарихындағы алғашқы Азиада алтынын иеленді. Велошабандоз Алексей Луценко алтын медальдарының санын алтыға жеткізіп, Қазақстанның Азия ойындарындағы ең көп чемпион атанған спортшысына айналды. Ал Рината Сұлтанова әйелдер велоспортында тұңғыш рет Азиада алтынын жеңіп алды.
Каратэден Жоламан Биғабыл мен Софья Берульцева чемпион атанса, аралас жекпе-жектен Еркінғали Бүркітәлі мен Қадырбек Шынбаев топ жарды.
Дзюдодан Қазақстан құрамасы жекелей сында алғаш рет төрт финалға шықты. Елдос Сметов, Абиба Әбужақынова, Әділет Алмат және Ажар Асхат күміс медаль иеленді. Ұлттық құрама аралас командалық сында да күміс жүлдеге қол жеткізді.
Сондай-ақ Милад Карими спорттық гимнастикадан күміс медаль жеңіп, Қазақстанға 32 жылдан кейін осы бағдарлама бойынша Азиада жүлдесін әкелді.
Күрестен еркін күрес шеберлері үш қола медаль иеленсе, әйелдер құрамасы бір күміс және екі қола жүлде жеңіп алды.
Осылайша, Қазақстан құрамасы Жапониядағы Азия ойындарын 12 алтын, 24 күміс және 48 қола медальмен аяқтады.
