Бокстан Қазақстанның екі дүркін чемпионы, қостанайлық Владислава Кухта ресми түрде Венгрия азаматтығын алды. Бұл туралы спортшы желідегі ресми парақшасында хабарлады, деп жазады Sportbugin.kz.
«Ресми түрде Венгрия азаматшасымын! Енді халықаралық жарыстарда Венгрия намысын қорғаймын. Осы орайда, Венгрия билігі мен өзімнің клубыма алғыс айтамын. Олар маған сенім артып, Олимпиадаға қатыссам деген арманымды шындыққа айналдырды.
Шыны керек, екіұдай сезімдемін. Бұл мен үшін үлкен қадам. Бір жағынан қуанып, бір жағынан жабырқап тұрмын. Қазақстан менің Отаным болып қала береді. Шын жүрегіммен сүйемін.
Менің әрі қарайғы тағдырыс қалай боларын білмеймін. Бірақ қолымнан келгенше аянып қалмаймын. Бүгінгі жағдай мені мақсатыма бір қадам жақындата түсті», — деп жазды Кухта.
Айта кетелік, Владислава Кухта 57 келі салмақ дәрежесінде Қазақстанның екі дүркін чемпионы.
Бұл салмақта Азия ойындары мен лицензиялық турнирге Римма Волосенко қатысып, жолдамасыз қалған болатын.