Париж Олимпиадасына қазақстандық ауыр атлеттер өнер көрсетпейді. Олимпиадаға іріктеу турнирінде бірде-бір қазақстандық жолдамаға қол жеткізген жоқ, деп хабарлайды Sportbugin.kz.
Халықаралық ауыр атлетика федерациясы жаңарған рейтингті жариялады. Өкінішке қарай, Олимпиадаға лицензия алған алғашқы он спортшының қатарына Қазақстан құрамасынан ешбір атлет енбеген.
Отандық зілтеміршілер қатарынан Сергей Петрович қана 12-орынға орналасқан. Ол Таиландтағы соңғы әлем кубогінде алтыншы орын алды. Десе де, Сергейдің нәтижесі де Парижге бару үшін жеткіліксіз.
Бір кездері ауыр атлетика державасы саналған Қазақстан құрамасының бүгінгі халі мүшкіл. Допинг дауы отандық ауыр атлетиканың астан-кестеңін шығарды. Бүгінде допингке байланысты нақты қанша медальдан айырылғанымыз туралы ақпарат жоқ.
Десе де, допингке байланысты ұсталған қазақ атлеттерінің тізімін ұсынамыз:
Илья Ильин (Бейжің және Лондон Олимпиадасының алтыны)
Светлана Подобедова (Лондон Олимпиадасының алтыны)
Зульфия Чиншанло (Лондон Олимпиадасының алтыны)
Майя Манеза (Лондон Олимпиадасының алтыны)
Владимир Седов (2009 жылғы әлем чемпионатының алтыны)
Ирина Некрасова (Бейжің Олимпиадасының күміс медалі)
Мария Грабовецкая (Бейжің Олимпиадасының қола медалі)
Алмас Өтешов (2013 жылғы әлем чемпионатының күміс медалі)
Бұл тізім толық емес. Анна Нұрмұхамбетова, Нұрғиса Әділетұлы, Артем Антропов сынды ауыр атлеттер де допингке байланысты ірі жарыстардан шеттетілген.