Токиода өткен Сурдлимпиада ойындарында ақтөбелік еркін күрес шебері Бексұлтан Малайдар 5-орынға тұрақтады. 97 келі салмақта сынға түскен балуан қола медаль үшін күресте қарсыласқа есе жіберген болатын. Десе де, еркін күрестен Қазақстан сурдлимпиадалық командасының аға жаттықтырушысы Ерназар Қонысбаев Бексұлтанның шығар биігі әлі алда екенін айтады, деп жазады Sportbugin.kz.
Бексұлтан Малайдар еркін күрестен Қазақстан командасындағы тәжірибелі балуандардың бірі. Ол 2022 жылы Бразилияда өткен Сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері.
Команда бапкерінің айтуынша, ақтөбелік балуан Сурдлимпиада қарсаңында салмақ ауыстыру рәсімінен өткен.
«Бексұлтан Малайдар ұлттық құрамада оттан да, судан да өткен тісқаққан балуан. Токиода оның жүлде алатын мүмкіндігі зор еді. Тек салмақ дәрежелерінің ауысқаны аздап әсерін тигізді деп ойлаймын. 2022 жылғы ойындарда балуандар 8 салмақта бақ сынаған еді. Бұл жолы алты салмақта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.
Бексұлтанның бұрынғы белдескен салмағы — 92 келі биылғы ойынның бағдарламасында жоқ. Сондықтан, балуанымыз 97 келіге ауысты. Қазіргі таңда сурдлимпиадалық күресті UWW (United World Wrestling) қатарына қосқалы жатыр. Бұл біз үшін үлкен қадам. Сол себепті, салмақ дәрежелеріне өзгеріс енді. Осы орайда, Бексұлтан ауыр салмаққа толық бейімделе алмады деген ой бар.
Физикалық жағынан сәл жетпей қалды. Жеңілген соң қатты ренжісе де, күресті тастамайтынын, келесі Сурдлимпиадада чемпион атанатынын жеткізді. Бұл оның ерік-жігерінің мықтылығын көрсетеді. Онда чемпиондық мінез бар», — дейді аға бапкер Ерназар Дүйсенұлы.
Қазіргі таңда сурдлимпиадалық күрес Қазақстанда жолға қойылып келе жатыр. Еуропалықтар біршама алға кетіп қалса да, қазақстандық балуандар олардан еш қалысар емес.
«Біздің елде сурдо күрес 2007 жылдан бастап қолға алынды. Азғантай уақыт ішінде Бексұлтан бастаған балуандар біздің де әлеуетіміз мықты екенін көрсетті. Енді алдағы уақытта қыздар күресі де қосылады», — дейді бапкер.
Айта кетелік, Токиодағы Сурдлимпиада ойындарында қазақстандық еркін күрес шеберлері 5 медаль жеңіп алды. Бексұлтан Малайдар 5-орыннан көрінді.
