Еркін күрестен әлем және Азия чемпионы, сондай-ақ, әлем чемпионаттарының күміс және қола жүлдегері Нұрқожа Қайпановтың салмағына қатысты мәселеге нүкте қойылды, деп жазады Sportbugin.kz.
Айта кетелік, Токио Олимпиадасы қарсаңында Қайпанов 74 келіге ауысқан болатын. Осы салмақта Азия чемпионы атағын иеленді. Бірақ Париж Олимпиадасына іріктеу турнирінде жолдамаға қол жеткізе алған жоқ.
2024 жылы Нұрқожа Қайпанов 70 келіде әлем чемпионы атанса, 2025 жылы осы салмақта әлем біріншілігінің қола медалін жеңіп алды. Бұл салмақ дәрежесі олимпиадалық салмақтардың санатында жоқ.
Алматы қалалық күрес федерациясының мәліметінше, биылғы маусымнан бастап Қайпанов тек 74 келіде сынға түседі.
«Нұрқожа енді салмақ ауыстырмайды. Биыл Азия ойындары өтеді, әрі қарай Олимпиадаға іріктеу басталады. Сондықтан, енді салмақ ауыстырудың еш қажеттілігі жоқ», — деді федерация өкілі.
Айта кетелік, 74 келі — еркін күрестегі ең беделді салмақ саналады.
